Алматыда кино және өнер майталманының аты ұлықталды

2022-04-21
Media drive
91 көрсетілім
Сайтқа сілтеме
Жүктеу

Биыл белгілі жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия майталманы Камал Смайыловтың туғанына - 90 жыл. Қайраткердің есімін ұлықтау мақсатында Алматыда бірқатар шара өтті.

Қазақ Ұлттық өнер академиясында қайраткер атындағы кинозал ашылды. Сондай-ақ, жазушының әр жылдары түскен суреттерінен фото көрме ұйымдастырылды. Шараға Камал Смайыловтың досы Төрегелді Шарманов бастаған бір топ замандастары, шәкірттері мен студенттер қатысты.

Нәзира Елеухан, Камал Смайыловтың шәкірті: Ол кісі «Қазақфильм» киностудиясын басқарған жылдары ол кісінің қолынан қазақ классикасына айналған айтулы фильмдер дүниеге келді. «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Тақиялы періште», «Көксерек» мұның барлығы қазақ киносына қалған үлкен қазына.

Сондай-ақ, жазушының мерейтойына орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара аясында оқырманға Камал Сейітжанұлының қайта басылған кітаптары таныстырылды. Қайраткер қай қызметте жүрмесін өзінің жанкештілігімен әрі жаңашылдығымен танымал. Ол үш бірдей - Кинематографистер, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Өнертанушының 90 жылдығына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да телевизиялық «Жалын» жастар конкурсын жариялаған болатын.

Ғайнижамал Әбілдина, Камал Смайыловтың қарындасы: Фильмдер, сюжеттер 30 сәуірге дейін қабылданады. Жас мөлшерін 30 жасқа дейін деп қойдық. Күзде студенттер мен жастардың кинофестивалі деп отырмыз. Сосын «Бастау» кинофестивалінің аясында бір күнді Камал Сейітжанұлына арнағалы отырмыз.