Дінмұхамед Қонаевтың мұражай-үйі

2022-04-19
Media drive
58 көрсетілім
Сайтқа сілтеме
Жүктеу
Алматыда реставрациядан кейін Д. Қонаевтың мұражай-үйінің ашылу рәсімі қала басшысы Ерболат Досаевтың қатысуымен өтті. Мамандар көрнекті мемлекет қайраткерінің 110 жылдығын мерекелеу аясында мұражайда қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.

Ашылу салтанатына Д.А. Қонаевтың Халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Эльдар Қонаев, Д.А. Қонаевтың жиені Диар Қонаев, оның жеке дәрігері Ахат Мулюков, досы әрі серіктесі Александр Гойколов қатысты.

Реставрация және экспозиция процесіне мұражай және мұрағат ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, мүсіншілер, суретшілер, бейнеинженерлер және т.б. тартылды. Жұмыс барысында Д.А. Қонаевтың Халықаралық қорымен келісілген тұжырымдама мен жобаның эскизі әзірленді.

Реэкспозиция тақырыбының негізіне саясаткердің ел өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға деген жеке көзқарасын суреттейтін Д.Қонаевтың «Сталиннен Горбачевке дейін» автобиографиялық кітабы арқау болды. Хронологиялық тәртіпте орналастырылған мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен экспонаттар Дінмұхаммед Қонаевтың көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі алып тұлғасын көрсетеді. Жұмыс барысында барлық экспонат, соның ішінде Дінмұхамед Қонаевтың жеке заттары бұрынғы қалпында сақталды.

Қалпына келтіру жұмыстары барысында мұражай заманауи сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталды, келушілер енді аудио нұсқаулықтарды қолдана алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы болу үшін екінші қабатқа лифт орнатылды.

Еске салсақ, мұражай 2002 жылы Д.Қонаевтың 90 жылдығына орай ашылған болатын. Экспозициялар 10 жыл бұрын соңғы рет жаңарып, 2011 жылы жасалған еді. Мұражайдың жалпы сақтау қорында 8 196 экспонат бар.