Мұхамеджан Тынышбайұлын еске алу кеші

2022-10-21
Media drive
Сайтқа сілтеме

2022 жылғы 20 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Тарих және құқық институты директорының тәрбие және әлеуметтік ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Манапов пен институттың студенттік кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті саяси және қоғам қайраткері, алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, Алаш орда үкіметінің мүшесі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұхамеджан Тынышбайұлын еске алу кеші және «Мұхамеджан Тынышбаев: Ғасыр жобасы» деректі фильмінің көрсетілімінің тұсаукесері болды.

Кеш қонақтары әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шыңғыс Нұрланов, Тарих және құқық институтының директоры Ғабит Кенжебаев, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Гүлбану Жүгенбаева, «Мұхамеджан Тынышбаев» қорының Президенті, фильмнің кеңесшісі Нұршакен Жүнісова (Мұхамеджан Тынышбаевтың жиен немересі), «Мұхамеджан Тынышбаев: Ғасыр жобасы» деректі фильмінің қоюшы режиссері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, көптеген халықаралық кинофестивальдардың жүлдегері Жаңабек Жетуров, «Мұхамеджан Тынышбаев: Ғасыр жобасы» деректі фильмінің сценарий авторы және продюсері Базаргүл Абульдина, «Мұхамеджан Тынышбаев» қорының атқарушы директоры, деректі фильмнің әкімшісі Рүстем Аитов және Тарих және құқық институтының профессор-оқытушылары мен студенттері. Шара барысында баяндамалар оқылып, фильмнің толық нұсқасы көрсетілді.

Фильмнен кейін студенттер сұрақ қойып, өздеріне қажетті жауаптарын алды. Кездесу өте жоғары деңгейде өтіп, келген қонақтарға гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталды.