Алматыда үрмелі аспаптар оркестрінің көптен күткен концерті өтті

2022-02-16
Media drive
Сайтқа сілтеме
Алматыда «MASTERWORKS» үрмелі аспаптар оркестрінің көптен күткен концерті өтті. Аталмыш іс-шара танымал музыкант Тимофей Докшицердің 100 жылдығы мен Юрий Клушкиннің 85 жылдығына арналып отыр.

Мінсіз орындау шеберлігімен 1990 жылы ел ішіне, кейіннен жаһан жұртына танымал болған үрмелі аспаптар оркестрі бүгінде Қазақстан музыка өнерінің озық үлгісі саналады. Оркестрдің репертуарында 200-ден аса бағдарлама бар. Ал кешегі мәдени кеш осы музыка марқасқаларының мерейтойына арналып отыр.

«Өкінішке қарай, мен қазір ойнамаймын. Бірақ оркестр уақыт өскен сайын жақсарып, жағдайы артып келеді. Сол қуантады. Ең бастысы, шәкірттерім риза», - деді Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі Юрий Клушкин.

Тимофей Докшицер мен Юрий Клушкин жалпы ТМД елдері музыкасындағы болмысы бөлек тұлғалар. Қос азаматтың мерейтойына арнайы дайындалған бағдарлама оларға деген шексіз құрметті көрсетеді. Кешке келген қонақтардың да ойы осындай.

«Иә, бәрі ұнады. Тіпті аздап көзіме жас келді, қысқасы бәрі керемет!», - дейді қала тұрғыны Сергей Забережный.

«Өте керемет болды, пандемия басталғалы концертке келмеп едік. Соңғы 2 жылда мәдени іс-шаралар өте аз өтті ғой. Сондықтан болар, алғашында көңілім босап кетті», - дейді тағы бір тұрғын Иман Лагаб.

«Қатты сағындық, бүгін сондай бір ерекше күн болып тұр. Филармонияға қайта келгеніме қуаныштымын», - дейді тұрғын Айнель Оразалиева.

Айта кету керек, үрмелі аспаптар оркестрінің арнайы концертінде бас дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанат Ахметов болды. Ал 5 наурызда филармонияның үлкен залында өтетін мерекелік кеште де осы оркестр өнер көрсетеді.