«Алматы менің жүрегімде» балалар шығармашылығының көрмесі ашылды

2021-09-17
Media drive
Сайтқа сілтеме
Ұйымдастырылып отырған көрме балалардың шығармашылық жолына үлкен бастама болмақ

Еліміздің Мемлекеттік орталық музейінде «Алматы менің жүрегімде» балалар шығармашылығының көрмесі ашылды.  Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қала күніне орай ұйымдастырылып отырған шараға 5 жас пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 100-ден астам жұмысы қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv

Түрлі техникалар мен жанрларда орындалған төл туындыларында балалар көрікті жерлерді, мәдениет пен тарих ескерткіштерін, түрлі-түсті натюрморттарды бейнелеген. Ұйымдастырылып отырған көрме балалардың шығармашылық жолына үлкен бастама болмақ. 

«Балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Себебі біздің музейде жылына 180-нен астам балалар көрмесі ұйымдастырылады. Осындай 100 жылдық тарихы бар мекемеге өздерінің жұмыстарын қойып, өздерін көрсете біліп, оларды ынталандыру басты мақсатымыз», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейінің баспасөз хатшысы Ақмарал Айдынбаева.

«Бұл көрме – балаларға толықтай шығармашылық тұрғыда ашылуға көмектеседі.  Балалар сүйікті қаламыз Алматының сұлу жерлерін ерекше көріністе суреттейді», – деді ата-ана Елена Рузина.