Алматыдағы әскери бөлімге Бауыржан Момышұлының есімі берілді

2022-12-05
Media drive
көрсетілім
Сайтқа сілтеме
Жүктеу
Алматыда орналасқан Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімі берілді.
Салтанатты іс-шара кезінде Үкіметтің қаулысы оқылып, әскери шеру өтті. 5571 бөлімі күнделікті қаладағы тәртіпті ғана емес, түрлі қоғамдық-саяси, спорттық іс-шаралардағы тыныштықты күзетеді. Сондай-ақ ұландар табиғи апаттарда, төтенше жағдайлар мен карантин режимінде, Қаңтар оқиғасы кезінде ерен еңбек етті. Батырдың есімін беру салтанаты бөлімнің құрылғанына 24 жыл толуымен тұспа-тұс келген.
«Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Әскери бөлімге жоғарғы атақ беріліп отыр. Отанын оттан қорғайтын, ананың ақ сүтін ақтайтын, халықтың ойын әрқашан қолдап жүретін Ұлттық ұлан әскері әрқашан Отан үшін, ел үшін адал да абыройлы қызмет атқаруға дайын», – деді ҚР Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің командирі Бақдәулет Оспанбеков.
Әскери бөлімге даңқты қолбасшының атын беру –  келер ұрпаққа үлгі. Ұлықтау рәсіміне генерал Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова қатысты. Ақ жаулықты ана жастарға «ұландарды батырдың рухы әрдайым қолдап, қорғап жүрсін» деген тілегін білдірді.
«Ата ел-жұртының, ұрпағының арасында жүр. Өзінің артындағы қалған елі, ұрпағы атын жаңғыртып, бүгін тағы да атаны тірілтіп жатыр. Ғалымдар «Сөнген жұлдыздың жарығы миллион жылға жетеді» деген екен. Атаның жұлдызы әлі де жарқырап тұр», – деді Б. Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова.