Алматының орталық музей қорында 14 мыңнан астам әшекей бұйым сақтаулы

2022-03-31
Media drive
62 көрсетілім
Сайтқа сілтеме
Жүктеу

Мұнда ХІХ және ХХ ғасырдағы қазақтың зергерлік әшекейлері мен дәстүрлі ұлттық киімдерін көруге болады. «Көненің көзі» көрмесінде көркемдік-тарихи маңыздылығы жоғары 100-ден аса көне жәдігер қойылған. Мұнда сырға, білезік, сақина, шолпы және алқалардың түр-түрі бар. Тіпті аты аңызға айналған күміс көмей әншілер Күләш Байсейітова мен Жамал Омарованың да әшекейлері көрменің ажарын аша түскендей. Халық әртісі Шара Жиенқұловаға күйші Дина Нұрпейісова сыйға берген қос білезік те осында тұр.

«Біздің қорда 14 мыңнан астам әшекей бұйымдар сақталып жатыр. Атап айтқым келетіні, осы музейде археологиялық қазба жұмыстарынан табылған бұйымдар сақтаулы. Күлтөбеден, Оңтүстік Қазақстаннан табылған сырға бар. Таза алтыннан жасалған. Сосын гранатпен әшекейленген. Сол сырға біздің көрмеге бірінші рет қойылып отыр. Бұл көне бұйымдардың көрмеде жарқырап тұруы – ең бірінші кезекте реставраторлардың еңбегі. Музейдің консервациялау бөлімінің қызметкерлері көне бұйымдарды қалпына келтіру үшін бірнеше күн бойы көз майларын тауысып отырып жұмыс істегендерін айтады», - деді ҚР Орталық мемлекеттік музейінің бөлім жетекшісі Шолпан Тұрсынбаева.

«Бұларды қалпына келтірген кезде, әртүрлі әдістерді пайдаланамыз. Ең алдымен зат қандай жағдайда, қалай бүлінгеніне қарай оның қалпына келтіру процесін пайдаланамыз. Тасы түсіп қалған жерге қайтадан тас саламыз. Сосын қарайып кетсе, оны арнайы қышқылдар бар күміс тазалайтын, солармен тазалаймыз. Ұйымдастырушылар көрменің мақсаты – ұлттық мұраны сақтау, насихаттау және музей құндылықтарын жаңғырту екенін айтады», - дейді қалпына келтіруші Ринат Сонарбаев.