Архивтік іс-қағаздарға қатысты семинар

2022-03-30
Media drive
13 көрсетілім
Сайтқа сілтеме
Жүктеу

«Ғылым ордасы» РМК ұжымына архивтік іс-қағаздарға қатысты семинар өткізілді. «Орталық мемлекеттік архив» РММ ұйымдастыруымен өткен дәрісте құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу, оның нәтижелерін рәсімдеу тәртібі, ұйымдардың электрондық құжат айналымы жүйелеріндегі электронды құжаттарды пайдалану тәртібі, жеке тектік құжаттардың құндылығына сараптама жүргізу жұмыстары және ұйымдарда істер номенклатурасын жасаудың қажеттілігі сынды тақырыптар қозғалды.

Семинарға «Ғылым ордасы» РМК бөлім басшылары мен қызметкерлері қатысты.

«Семинардың негізгі мақсаты — ғылым саласындағы мекемелердің неше жылғы жинақталған әр түрлі бағыттағы — оның ішінде, 1930 жылдан бергі құжаттардың толықтай техникалық жұмыстары, сонымен қатар, жеке тектік мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдардың құжаттарын толтырудағы жүйелері мен жолдарын түсіндіру болып табылады. Қазіргі ҚР-ның Ұлттық архив қоры және архивтер заңнамасына сәйкес архивте сақтаулы құжаттардың бәрін есепке алу мәселелері және пайдалану тақырыптары, электронды және қағаз құжаттарды қатар алып жүруде олқылықтардың бар екенін білеміз. Сол қателіктер қайталанбас үшін түсіндірме семинарын ұйымдастырдық», - деді «Орталық мемлекеттік архив» РММ директорының орынбасары Жылысбаева Марзия.

«Семинарда көптеген тақырыптар қозғалды. Мысалы құжаттарды сақтаудың маңыздылығы деген мәселе көтерілді. Себебі бүгінгі күн — ертеңгі тарих. Бүгініміз жайлы дұрыс жазып және оны сақтай білсек, келер ұрпаққа қалдырар мұрамыз көп болады. Әсіресе, ғылым саласында қалдырар деректер нақты болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі семинар өте пайдалы әрі пайымды болды деп есептеймін», - «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми архив бөлімінің басшысы Парменова Ғалия.