Қазақ киносының бағына біткен тұлға

2024-02-14
Media drive
Ссылка на страницу
Шәкен Кенжетайұлы қазақ театрында 40-тан астам жаңа бейне жасап, 15-тей спектакль қояды. Театрдың бас режиссері болады. Бірақ соған қарамастан ұлы суреткер кино өнеріне бет бұрады. 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етеді. Жұрттың сондағы: «Киноға неге ауыстыңыз, драма театрынан неге кетіп қалдыңыз?» деген сұрақтарына Шәкен Кенжетайұлы кезінде: «Жасырмаймын, театрды бір уақытта көп болса, мың, мың жарым кісі көреді. Ал киноны пәлен миллион халық көре алады. Кино өнерінің осы мүмкіндігін пайдаланып көрсем деген мақсатым бар», – деп жауап берген екен. Яғни сезімтал, сұңғыла тұлға ел мәдениетін, өнерін өркендету мәселесінің болашақта кино өнерімен байланысты болатынын сол кездің өзінде терең түсінген. Сол себепті де ол киноның тілін меңгеруге, табиғатын түсінуге бар күшін салған.
Шәкеннің ең алғашқы түскен киносы – «Амангелді». Фильмнің Алматы түбіндегі Қарақастек ауылында түсіріле бастағанын естіген бойда өз қалауымен барып, эпизодқа түседі және сол фильмге кеңесші болады.
Кино әлеміне осылайша қадам басқан Шәкен одан кейінгі кезеңде қазақ киносының алғашқы бастаулары болып есептелетін «Райхан», «Ақ гүл», «Абай әндері», «Алтын мүйіз» фильмдеріне де қатысады. Бұлардан кейін  түсірілген «Жамбыл» фильмінде Шәкенге Шаймұхамбет ақынның рөлі беріледі. Бірақ фильмге дайындық барысында ол сценарийдегі өлеңдерді ұнатпай, басқа бір өлеңдерді оқып береді. Сонысына риза болған режиссер Дзиган бастапқы шешімін өзгертіп, 39 жастағы Шәкенді 100 жасаған абыз ақынның рөліне бекітеді. Ш.Айманов жасаған Жамбыл бейнесіне айтулы актер, режиссер Сергей Бондарчук: «Оның бет-әлпеті, көздері, қолдары, сөз саптасы мен жүріс-тұрысы соншалықты дәл, соншалықты сенімді. Көрермен бүкіл фильмнің өне бойында орындаушы актерді атымен естен шығарып, өз халқының ұлы, отаншыл азамат, ақын, данагөй қария, тірі Жамбылды көріп отырғандай елтіп қалады», – деп жоғары баға береді.
Шәкен Айманов фильмдерінің өміршең болатын себебі, суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіспеншілік, адамды құрметтеу, оның ішкі психологиясын ашуға ұмтылыс басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген Шәкен Кенжетайұлы сол кездің өзінде қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді, әртүрлі жанрларға барды. Адам тағдырын, оның өмірінің трагедиялық тұстарын астарлап болса да айтып отырды. Бұл ретте, ол «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді. Кинотанушы Бауыржан Нөгербек айтпақшы, кино арқылы ұлттық мүддені қорғау, соны дәріптеу мақсатын қойған Шәкен ағаны ұлт экологиясының шын мәнісіндегі жанашыры десек, еш қателеспейміз.