Алматыдағы «Алатау» театрында сазды би кешінің премьерасы өтті

2022-03-31
Media drive
Ссылка на страницу
«Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында «Әсем әуен мен көркем қимыл» атты сазды би кешінің премьерасы өтті. Концерттің ерекшелігі – қазақтың ұлттық би өнері халықтың поэтикалық, фольклорлық, музыкалық шығармашылығына негізделген.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтетін сазды би кешінің премьерасы заманауи үлгіде, жаңа формада ұсынылған. Әр би қойылымының өзіндік терең мазмұны мен тарихы бар екенін де ерекше айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, тәлім-тәрбиелік мәні зор дейді ұйымдастырушылар.

«Бұл кеште би мен әуеннің қосындысын көрсеткіміз келді. Қазіргі заманғы үлгіде қайта жасалған халық әндері көрермен үшін қызық болады деп ойлаймын. Әдемі, үйлесімді етіп әзірлеуге тырыстық», - деді қоюшы режиссер, хореограф Карина Жиренбаева.

Айта кету керек, сазды кеште биді ишарамен, ыммен көрсету әдісі де кең қолданылады. Хореографиялық қимылдың элементтері ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен ұштасып, ансамбль де ойнайды. «Алатаудың» мың бұралған бишілері «4 стихия», «Мереке-думан», «Қамыс туралы аңыз», «Құлагер», «Рухты ел», «Зәуреш», «Ау жар» деген қойылымдарға қойылған өнерін көрсетеді.

«Бүгінгі қойылым ерекше болмақ. Себебі біздің театрда бұрын мұндай кеш болмаған. Біз, бишілер, массада жүретінбіз. Енді осындай кеш бізге балетмейстеріміз қойып жатыр. Әр бидің өзінің терең мағынасы бар», - деді биші Айгерім Тұралиева.

Айта кету керек, концерт тура сағат 19.00-де басталды. Жиылған жұртшылықтың қарасы көп, бәрі де соңғы 2 жылда осындай мерекелік кештерді сағынып қалған секілді. Өйткені бәрінің көңіл күйі керемет. Ал бұл премьера сәуір айында да жалғасын табады. Сондықтан барша алматылықты, өнерсүйер қауымды сазды би кешін тамашалауға шақырамыз.