«Түркітанудағы диахрондық парадигма» ғылыми-теориялық конференциясы

2022-03-03
Media drive
Ссылка на страницу

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде филология ғылымының докторы, профессор Мархабат Томановтың 90 жылдығына арналған «Түркітанудағы диахрондық парадигма» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Жиынға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, белгілі ғалымдар, АҚШ, Әзірбайжан, Түркия, Тәжікстан, Грузия түркологтары, М.Томановтың ұрпақтары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев конференцияны құттықтау сөзбен ашып, М.Томановтың қазақ тіл білімі мен түркітанудың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Мархабат Томанов – менің ұстазым. Ғалым қазіргі қазақ тілінің синтаксисі мен стилистикасы, қазақ тілінің тарихи грамматикасы, ежелгі түркі жазба ескерткіштерінің тілі саласында жемісті еңбек етті. Филология ғылымының докторы орыс-қазақ сөздіктерін құрастыруға белсене қатысты. Қазақ мемлекеттік университетінде «Қазақ тілінің тарихи грамматикасы» тақырыбында дәріс оқып, білімді шәкірттер тәрбиеледі, – деді университет басшысы.

Сондай-ақ Жансейіт Қансейітұлы Мархабат Томанов сынды көрнекті ғалымдардың еңбектерін зерделеу және насихаттау маңызды екенін атап өтті. Жиында филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова құттықтау сөз сөйледі.

– Осыдан 10 жыл бұрын филология факультетінде профессордың 80 жылдығына орай, М.Томанов атындағы аудитория ашылған болатын. Біздің мақсатымыз ұлы ғалымның есімін жаңғырту болды. Біздің жастарымыз осындай көрнекті тұлғалар туралы білуге тиіс. Оның еңбектері өскелең ұрпақ үшін бай мұра. Ғалымның баға жетпес ғылыми жұмыстары қазақ тілінің болашақ ғылыми-теориялық дамуына ұзақ уақыт қызмет етеді деп есептеймін, – деп атап өтті профессор Баян Өмірбекқызы.

Сонымен қатар онлайн форматта Башкент университетінің профессоры Суйер Екер және АҚШ-тың Мадисон университетінің профессоры Schamiloglu Uli сөз сөйледі. Олар М.Томановтың құнды еңбектерінің ерекше рөлін атап өтіп, конференция қатысушыларына табысты және жемісті жұмыс тіледі.

Кеңес барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің төрт студентіне профессор Мархабат Томанов атындағы стипендия тағайындау туралы сертификаттар тапсырылды. Оларды көрнекті ғалымның қызы Нұрия Мархабатқызы табыс етті.

Конференция жұмысы панельдік пікірталастармен аяқталды.