Алматыда жазушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жасқа толуына орай профессорлар бас қосты

2021-11-05
Media drive
Ссылка на страницу
Жиынға қаламгердің өзі де қатысып, Тәуелсіздіктің терең мәніне тоқталып өтті. Алматыда жазушы әрі абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еліміздің рухани, мәдени дамуына үлес қосқан профессорлар бас қосты. Қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жиынға Тұрсын Жұртбайдың өзі де қатысып, Тәуелсіздіктің терең мәніне тоқталып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тәуелсіздіктің арқасында архивте жатқан ақпаратқа қол жеткізіп, қазақ жұрты үшін маңызды деректерді жарыққа шығарған жазушы Тұрсын Құдакелдіұлының еңбегі зор. Осылай деген филология ғылымдарының кандидаты Сансызбай Мәдиев алаштанушының шығармашылығын жоғары бағалады.

«Алашордашылардың барлық архивін зерттеп, қайта қозғап, қайта қопарып қараған адам болғандықтан да Тұсын Жұртбайдың шығармашылығы расымен ерекшеленеді», – деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев.

Ал әдебиеттанушы ғалым Өмірхан Әбдиманұлы жазушыны егеменді қазақ елінің тұғырлы тұлғасы деп мадақтап, оның тарих пен мәдениеттің дамуына қосқан үлесіне тоқталып өтті.

«Абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы деген қосарлана жүреді. Бұл ненің белгісі? Бұл біздің ұлыларымызды толық шығармашылық тұрғыдан олардың тарихи тұлғасын ашуда, осы нәрсенің бәріне Тұрсын Жұртбайдың атсалысқаны анық», – деді филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдиманұлы.

Расында да қаламгер Тұрсын Жұртбай өмірлік жолын шығармашылықтан бөлек, ғылымға да арнады. 30 жылдың ішінде Алаш зиялылары мен ұлы ақын Абай туралы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов туралы тың деректер қалдырды.

«Өткен 70 жылдың ішіндегі барлық жайт көз алдыма келеді. Тек менің өмірімді көз алдына елестету емес, осы 70 жылдың ішіндегі қазақтың өнері, әдебиеті, тілі, білімі, мәдениеті, ғылымы, жалпы бодандықтан, Тәуелсіздікке жетуге дейінгі ұлы күрестердің ағыны келеді», – деді филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай.

Ел еңсесін тіктеген егемендіктің 30 жылдығы қарсаңында 70 жасқа келген қаламгер Тәуелсіздіктің мәніне ерекше тоқталып, Абай Құнанбаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тарихи алыптардың сенімін ақтау жолында жас буынды ізгілікке шақырды.

Оразай Нұртай, Айдана Нұраш, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы