Профессор Ә.Көбесовтің 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

2022-02-15
Media drive
Сайтқа сілтеме

2022 жылдың 10-11 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ә.Көбесовтың 90 жылдығына арналған «Ауданбек Көбесов - философ-ойшыл, математик, жаратылыстанушы, педагог ретінде Әл-Фараби бейнесін жасаушы. Қазіргі білім және тәрбие» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылар - Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия, саясаттану және дінтану институты.

Іс-шараны Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы -ректор Дархан Біләлов ашты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы - ректор Жансейіт Түймебаев, философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов, ЮНЕСКО жанындағы Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығының директоры Такир Балықбаев құттықтау сөз сөйледі.

Конференция қатысушыларына араб және мұсылман ғылымы мен математикасының белгілі тарихшысы, Өзбекстан Ғылым академиясының мүшесі, Халықаралық Ғылым тарихы академиясының мүшесі, Орынбор педагогикалық университетінің профессоры Галина Матвиевская құттықтау бейне жолдауымен сөз сөйлеп, А.Көбесовті жеке танитындығын, оның көрнекті фарабист ғалым ретіндегі жетістіктерін және оның еңбектерін зерделеу қажеттілігін атап өтті.

Іс-шараның модераторы Абай атындағы ҚазҰПУ білім беруді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасының меңгерушісі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Ресей білім беруді ақпараттандыру академиясының академигі Есен Бидайбеков жүргізді.

Іс-шараға еліміздің және шетел ғалымдары, университет профессор-оқытушылар құрамы, мектеп мұғалімдері, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.