EXPO-2020: Дубайда қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарының топтамасы таныстырылды

2021-11-23
Media drive
Сайтқа сілтеме
Бахаргүл Төлегенқызы – «100 жаңа есім» жобасына енген белгілі этнограф

EXPO-2020: Дубайда қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарының топтамасы таныстырылды

Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасына енген белгілі этнограф, табысты кәсіпкер Бахаргүл Төлегенқызы Дубайда өткен «ЭКСПО-2020» көрмесінде 20 келі күмістен 20 түрлі әшекей бұйымдар топтамасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі қаласында өтіп жатқан көрмеге 190-нан астам ел қатысқан. Қатысудағы басты мақсат – қазақ халқының зергерлік өнерін дүниежүзіне танытып, ұлттық болмысты әлемге паш ету.

Бахаргүл Төлегенқызы қазақ мәдениеті мен этнографиясын насихаттау мақсатында тек Қазақстанда ғана емес, шетелдік көрмелерге де жиі қатысып, жаңа бұйымдарын халық назарына ұсынып жүр. Қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеу – ұрпақ алдындағы борышымыз һәм үлкен мақтаныш дейді кәсіпкер.

«Иә,әлемнің түкпір-түкпірінен келген елдер өз елінің жетістігін көрсетіп, әлемді тамсандырған «ЭКСПО-2020» көрмесі өтіп жатыр Дубай қаласында. Мен де осы орайда қазақ ұлттық әшекей бұйымдарын алып барып, өзімнің көрмемді өткіздім. Бұл – мен үшін үлкен мақтаныш және мәртебе», – деді ҚР Мәдениет қайраткері, дизайнер Бахаргүл Төлегенқызы.

Алматылық кәсіпкер бұдан бөлек, 20 жылдан астам қазақы ұлттық киімдерді, ұлттық нақыштағы шапандарды, салт-дәстүрімізге сай әрі мағыналы кәдесыйларды шығарып, бұйымдарын халықтың көзайымына айналдырып үлгерген.

Кәсіпкердің айтуынша, қазақтың ұлттық әшекей бұйымдарына қызығушылық танытқандар көп болған. Бірқатар зергерлік бұйымдарын шетелдіктерге сатып та үлгерген.

«Сол кезде Қазақстанның күміс бұйымдарына ерекше қызығушылық болды. Бәрі де жоқтан бар қылып, айрықша дизайнмен жасалған дүние ғой. Еш жерде қайталанбайтын, басқа жерден сатып ала алмайтын дүние болмағандықтан, қазақтың ұлттық зергерлік бұйымдарына деген қызығушылық өте көп болды», – дейді Бахаргүл Төлегенқызы.

Айта кетейік, алдағы уақытта Қазақстан павильонында бірнеше іс-шара ұйымдастырылады. Тәуелсіздік күніне және Наурыз мейрамына орайластырып концерттер қойылмақ.

Қасымхан Талғатұлы, Ернат Болатбек, «Aлматы» телеарнасы