«Латын әліпбиі қазақ жазуының реформасы: бүгіні, келешегі» дөңгелек үстелі

2022-04-15
Media drive
Сайтқа сілтеме

2022 жылғы 14 сәуірде Абай университетінің Ғылым департаменті «ABAI LABS» ғылыми-инновациялық паркі жанындағы «Латын» ғылыми-практикалық зертханасының және Каспий университеті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Латынәліпбилі қазақ жазуының реформасы: бүгіні, келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Оразбаева Ф.Ш. «Ұлттық жазу реформасы: ұстанымдары» тақырыбында баяндама жасап, латын әліпбиін игерудегі негізгі ұстанымдарға тоқталды. Әліпбилік жаңашылдықтан басталып, ұлттық код пен ұлттық санадағы үйлесімдік, әлемдік өркениет, бәсекеге қабілеттілік, ақпараттық кеңістікті қамти отырып тілдік тұтастықты сақтайтын жазу реформасының негізгі ұстанымдары таратылып айтылды. Баяндамада сонымен қатар әліпбидің сапалық көрсеткішіне де сараптама жасалды.

Филология институты С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры Қ.С. Қалыбаеваның «Латынәліпбилі қазақ жазуының өзекті мәселелері» баяндамасында жаңа емле ережелерінің фонематикалық, фонетикалық, морфологиялық, дәстүрлі-тарихи принциптері, қазақ тілінің үндестік заңы мен үйлесім заңдылықтары, осы кезге дейінгі жазу тәжірибесінде қалыптасқан базалық нормалар жайында айтылды. Сонымен қатар латыннегізді әліпбиге көшкен өзге де түркі тілдерінің емле тәжірибелері ескерілді. П.ғ.д. Рахметова Р.С. «Латынәліпбилі ұлттық жазуды меңгерту әдістері» тақырыбындағы баяндамасында А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы ұсынған, қолданған негізгі әдістерге талдау жасады. Дөңгелек үстелді ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфографиялық топтың мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Рсалиева Н.М. «Лингвистикалық протекционизм - ұлттық бірегейлікті сақтау механизмі» баяндамасымен жалғастырды.

Шара барысын академиялық даму жөніндегі проректор Киричок О.В., Гуманитарлық ғылымдар Жоғары мектебінің деканы Таиров А.Т. және деканның ғылым жөніндегі орынбасары Ноғайбаева Ж.А. жалғастырды.

Дөңгелек үстелге оқытушылар, Білім жетілдіру институттарының өкілдері, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты.