ТАРИХШЫ ЕҢБЕГІ ЖАРЫҚ КӨРДІ

2021-11-01
Media drive
Сайтқа сілтеме
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақ университеті» баспа үйі» баспаханасынан белгілі режиссер, драматург, университет түлегі, тарихшы, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ерсайын Төлеубайдың үш томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Театр, кино саласында қазақ халқының өткен өмірінен сыр шертетін құнды тарихи шығармаларды қамтитын кітаптың тұсаукесері танымал ақын-жазушылар, тарихшы ғалымдар, өнер қайраткерлерінің, кино, театр саңлақтарының қатысуымен ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Автор бұл туындыларында сахна кейіпкерлері өміріндегі әртүрлі кезеңдердегі тарихи оқиғаларға табан тірей отырып, олардың жан әлемін ашады.

Кітаптың бірінші томында Ерсайын Төлеубайдың өнер жолындағы өмір өткелдері мен аға буыннан алған тәлімдері, автордың замандастары туралы естеліктері, өмірден түйген ойлары мен шығармашылық ізденістері, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары топтастырылған. Өнер саласында есімдері қалған ұлт тұлғаларымен қатар, шығармашылық ортада үзеңгілес болып бірге жүрген белгілі өнер қайраткерлерінің образдық суреттері қызықты баяндалады.

Екінші томында белгілі режиссер, драматургтің еліміздің 20-ға жуық қазақ театрлары сахнасында қойылған тарихи драмалары мен комедиялары және балаларға арналған пьесалары жарияланған. Мұндағы пьесалардың дені азаттық үшін күрескен Алашорда қайраткерлерінің бастамаларына, қазақ ұлтының бастан кешкен тарихи оқиғаларына бағытталған. Бұл жинаққа автор тарихшы драматург ретінде Қазақ елінің сонау сақтар заманынан бастап, бүгінгі уақыт аралығындағы өткен тарихына негізделіп жазылған өзінің сахналанған шығармаларын кіргізген. Соның ішінде бізге белгісіздеу болып келген ұлт тұлғаларының өткен өмірі шығарма желісіне арқау болғаны, тарих пен театр өнерін қабыстыруы драматургияға жаңа тыныс бергендей. Бұл еңбектер еліміздегі театр, кино саласында құнды тарихи шығармалар болып есептеледі.

Кітаптың тұсаукесеріне жиналған зиялы қауым өкілдері Ерсайын Төлеубайдың тарихи драматургиялық, сахна өнерін зерттеу кітаптары туралы өз пікірлерін айтып, бағаларын берді.


Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ