«Әуезов үйі» жаңартудан кейін қайта ашылды

2023-04-27
Media drive
Ссылка на страницу

Алматыдағы «Әуезов үйі» қайта жаңартудан кейін бүгін салтанатты түрде ашылды. Мұражайда заңғар жазушының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертер дүниелер заман талабына сай жабдықталған. Музейде ғылыми қордан бөлек, Әуезовтың киімдері, тұтынған затынан тұратын 200-ге жуық жәдігер қойылған.

Қайта жаңартудан өткен мұражай 7 бөлімнен тұрады. Әр бөлімде Мұхтар Әуезовтың балалық шағынан бастап, өмірінің сан-қилы кезеңін қамтитын экспозициялар қойылған. Қайта өңдеуден өткен үстелі, орындығы мен қаламдары және әдеби шығармаларының қолжазба нұсқасы көпшілікке қайта ұсынылды.

Салтанатты іс-шараға Әуезовтың балалары мен немерелері, шәкірттері мен әдебиет әлемін зерттеуші ғалымдар келді. Олардың арасында ғұмырын Абайтану саласына арнаған, Мұхтар Әуезовтың мектебін көрген, арнайы шеберлігінен өткен Мекемтас Мырзахметов те бар.